2017 жылы елордада төтенше жағдайдан келген шығын 64 млн теңге болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы елордада төтенше жағдайлардан келген шығын 64 млн теңге болды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті  бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мейрамбек Қайсанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен кезеңде елорда аумағында 75 төтенше жағдай орын алды. Бұл төтенше жағдайдың 2,6 пайызға төмендегенін көрсетеді. Төтенше жағдайларда 27 адам  қаза тапты, шығын 64 млн 387 мың теңгені құрады», - деді ол.

Оның дерегінше, 2017 жылғы 12 айда бөлімшелермен 5720 шұғыл шығулар іске асырылып, 466 адам құтқарылды, 1370 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

«Жыл ішінде елордада 699 өрт болды, өртте 11 адам қаза тапты, олардың 3-еуі -   балалар. Сондай-ақ көлік құралдарында 161 өрт тіркелді. Тұрғын үй секторында ғана 377  өрт орын алды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға төмен», - деді департамент бастығының орынбасары.

Қайсановтың айтуынша, 2017 жылы департаменттің инженерлік-инспекторлық құрамы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1330 тексеріс жүргізген.

«683 тексерістің нәтижесінде өрт қауіпсіздігі саласындағы 5328 бұзушылықтар анықталды. 716 кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 81 ескерту жасалып,  24 млн 788 мың 825 теңге көлеміндегі 635 айыппұл салынды. Берілген ұйғарымның орындалмауына байланысты әкімшілік сот шешімімен 56 нысанның 139 күнге қызметі тоқтатылды және 29 млн 655 мың 830 теңгеге 109 айыппұл белгіленді», - деді ол.