2017 жылы елордадағы әуежай қызметтерінің құны өспейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елордадағы әуежай қызметтерінің құны өспейді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылда қабылданған заңнамаға сәйкес, биылғы қаңтардан бастап салалық реттегіш қызметтері Азаматтық авиация комитетіне ауысты. Яғни әуежайдағы қызметтерге тарифтерді бекітумен министрлік және комитет те айналысады», - деді министр депутаттар тарапынан қойылған сауалға жауап беру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы бұл қызметтер құнын өсіру қарастырылмаған.

«Биылға Астана бойынша осы тарифтер деңгейін өзгертуді жоспарға енгізген жоқпыз. Атап айтқанда, валюта бағамының өзгеруіне және басқа да жағдайларға қарамастан, соңғы төрт жылда тарифтерді өсірген жоқпыз. Осы орайда әуежайдағы қызметтерге тарифтер өзгеріске ұшырамады», - деп нақтылады Қасымбек.