Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
"Әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл, ең алдымен, өзін-өзі жұмыспен қамту проблемасын шешу. Қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,2 млн. адамды құрайды, олардың ішінде 60%-дан астамы ауылдарда тұрады және табыстары 60 мың теңгеден төмен. Төрттен бір бөлігі жастар. Бүгінгі күні өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың бір бөлігі уақытша жұмыстармен күн көруге мәжбүр екені жасырын емес. Біздің міндетіміз оларды өнімді жұмысқа тарту және олардың табысын ұлғайту", - деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының айтуынша, министрлік бұл міндетті шешудің екі жолын көріп отыр.
«Бірінші, кәсіптік біліктілігін арттыру және еңбекке жұмылуға ынталандыру арқылы өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Ол үшін 2017 жылдан бастап «Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылатын болады. Осы мақсатқа 7 млрд. теңге көзделді, оның ішінде 2 млрд. теңге республикалық бюджеттен және 5 млрд. теңге жергілікті бюджеттерге жалпы сипаттағы трансферттерден қарастырылған. Бұл кәсіби мамандықтар бойынша гранттар санын 84 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деді ол.