2017 жылы қазақстандық кәсіпқой боксшылар қандай белестерді бағындырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы қазақ кәсіпқой боксы қандай белестерді бағындырды және боксшыларымыз қандай жетістіктерге қол жеткізді? Төменде «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстан кәсіпқой боксының жыл қорытындысын ұсынады.

Әлем көз тіккен қазақстандық «Big Drama Show»
  

2017 жылғы әлем және қазақ боксындағы ең айтулы оқиға орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен екі салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы Сауль Альварес (49-1-2, 34КО) арасындағы жекпе-жек болғаны сөзсіз.

Геннадий Головкин 2017 жылы 2 жекпе-жек өткізді. 18 наурыз күні «GGG» Нью-Йорк қаласында WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Дэниэл Джейкобсты (33-2-0, 29КО) төрешілер шешімімен жеңді. Бұл жекпе-жек отандасымыздың кәсіпқой бокстағы алғашқы 12 раундтық белдесуі болды.
 

16 қыркүйекте Головкин Альвареспен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жұдырықтасты. Жекпе-жек алдында Головкин тамаша «Big Drama Show» жасауға уәде берсе, мексикалық боксшы өзінің жеңісіне сенімді екенін айтты. Алайда, бокс мамандары «Ғасыр жекпе-жегі» деп бағалаған бұл белдесу тең нәтижемен аяқталды. Қорытындысында «GGG» барлық чемпиондық белдіктерін сақтап қалды.

Чемпиондық белдік және рейтинг

Бұл күнде BoxRec порталына ресми тіркелген қазақстандық кәсіпқой боксшылардың саны 159-ға жетіп, оның 58-і 14 салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңда өнер көрсетіп жүр.

Бірінші ауыр салмақта Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО) 2017 жылы кубалық Юниеру Дортикоспен (21-0, 20 КО) WBA ұйымының міндетті жекпе-жекін өткізуі керек болған. Алайда келіссөздердің сәтсіз болуына байланысты жекпе-жек уақыты белгіленбей, ұзақ айларға созылды. Маусым айында спортшы көз жарақатына байланысты спорттық мансабын аяқтайтынын жариялады. Осылайша,  Шүменов WBA нұсқасы бойынша чемпиондық белдігінен бас тартып, оған Дортикос ие болды.
 

Бұл салмақта өнер көрсететін тағы бір қазақстандық боксшы IBO Inter-Continental және GBC титулының иегері Иса Ақбербаев (20-0-0,15 КО) биыл екі жекпе-жек өткізді. Спортшы жеңістен кейін BoxRec бірінші ауыр салмақтағы әлемдік рейтингінде 37-орынға жайғасып, IBO және WBA ұйымының жаңа рейтингінде 33 және 10-орыннан көрінді.
 

Жартылай ауыр салмақта 2016 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген Әли Ахмедов (10-0, 7КО) ағымдағы жылы 6 жекпе-жек өткізіп, екі чемпиондық белдікке қол жеткізді.
 

Ахмедов 30 маусымда АҚШ-та жергілікті боксшы Кент Холландты (4-1-1, 2КО) нокаудпен жеңіп, Солтүстік Америка Бокс федерациясы (NABF)  титулын иеленді.

19 маусымда отандасымыз жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Кёртис Хиллды (10-0-0, 5КО) 4-раундта нокаудқа жіберіп, WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы титулының (WBC Youth World Light Heavyweight Title) иегері атанды. Күні кеше ғана Алматыда өткен кезекті жекпе-жегінде Ахмедов әзербайжандық Исмат Эйнуллаевты (12-2, 8 КО) екінші раундта нокаудқа жіберіп, 11-ші жеңісіне қол жеткізді.

Орта салмақта Геннадий Головкин 2 жекпе-жегінде де чемпиондық белдіктерін толықтай қорғап қалды. Боксшы барлық бокс ұйымының чемпиондық белдіктерін біріктіру мақсатын орындай алған жоқ. Ол үшін отандасымыз WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен жұдырықтасуы керек. Алайда, «GGG» 2018 жылы мамыр айында Альвареспен екінші кездесу өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі.
 

Ал бұл салмақтағы тағы бір қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (5-0-0, 4КО) 1 жыл ішінде 4 рет шаршы алаңға шығып, BoxRec порталында тіркелген орта салмақтағы 1046 боксшының ішінде 91-орыннан көрінді.

Бірінші орта салмақта жұдырықтасып жүрген Қазақстандық боксшы Қанат Ислам (25-0-0, 20КО) 2017 жылды табысты аяқтады. Боксшы 2017 жылы шаршы алаңға 3 рет көтеріліп, қоржынын екі чемпиондық белдікпен толықтырды. BoxRec рейтингінде отандасымыз бірінші орта салмақтағы ТОП-10 боксшылар қатарынан орын алды. Сонымен қатар, Қанат WBA және WBO ұйымының бірінші орта салмақтағы рейтингінің көшін бастап, IBO және WBC рейтингінде 7 және 8-орынға жайғасты.
  

2017 жылы 26 мамыр, Қанат Ислам АҚШ-та мексикалық Норберто Гонсалесты төрешілер шешімімен жеңіп, WBA Inter-Continental және WBO NABO титулын иеленді. 9 қыркүйекте Қанат ЭКСПО аясында Астана қаласында өзінің чемпиондық атақтарын қорғап, канадалық Брэндон Кукты 9-раундта нокаудпен жеңді.
 

Кәсіпқой бокста 5 жыл жүрген Қанат Ислам бұл күнде WBA Fedelatin және WBA Inter-Continental, WBO Inter-Continental және WBO NABO титулының иегері. Отандасымыз 2018 жылы WBA ұйымы белгілеген міндетті қарсыласы америкалық Джон Верамен (18-0, 11КО) жұдырықтасуы мұмкін.

Жартылай орта салмақтағы боксшы Жанқош Тұраров (22-0-0, 15 КО) 2017 жылы 2 жекпе-жек өткізіп, әлемдік ретингте 63-орынға көтерілді.
 

Бірінші жартылай орта салмақта 26 жастағы қазақстандық боксшы Батыржан Жүкембаев (11-0-0, 9КО) канадада 4 кездесу өткізіп, 3 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтады. Батыржан әлемдік рейтингте 50-орынға жайғасты.

Бірінші жеңіл салмақта WBA NABA USA және WBC EPBC титулының иегері Бекман Сойлыбаев (12-0-0, 4КО) 29 мамыр күні мексикада венесуэлалық Самуэль Гонсалеспен  (16-5-0, 10КО) 10 раунд жұдырықтасып, ұпай басымдылығымен жеңіске жетті. Сойлыбаев сонымен қатар WBC International чемпиондық титулы иегері атанды.
 

Бекман Сойлыбаев 2017 жылғы 3 жеңісінен кейін BoxRec порталының бірінші жеңіл салмақтағы әлемдік рейтингінде 55 орыннан, WBC ұйымының желтоқсан айындағы рейтингінде 20-орыннан көрінді.

Жеңіл салмақтағы отандасымыз Жанат Жақиянов (27-2-0, 18 КО) биыл спорттық мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.
 

10 ақпан күні Жақиянов АҚШ-та алғаш рет жекпе-жек өткізді. Отандасымыз жергілікті боксшы Роуши Уорренмен (14-1, 4КО) жеңіл салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулын сарапқа салды. Жақиянов 2 рет нокдаунға түскеніне қарамастан, қарсыласымен 12 раунд бойы жұдырықтасып, қорытындысында төрешілер шешімімен чемпиондық атақтарды жеңіп алды.
 

22 қазан, Жанат Жақиянов ирландиялық боксшы Райан Барнеттен (17-0, 9 КО) төрешілер шешімі бойынша жеңіліп, чемпиондық белдігінен айырылып қалды.

Әйелдер арасындағы тұңғыш қазақстандық әлем чемпионы

Бұл күнде әйелдер арасындағы кәсіпқой бокста жұдырықтасатын 4 қазақстандық боксшы бар. Бірінші жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова (7-1, 4 КО) 2017 жылы қазақ бокс тарихындағы кәсіпқой бокстан алғашқы әлем чемпионы атанып, үш бірдей ұйымның чемпиондық титулын жеңіп алды.
 

26 тамыз күні Шәріпова Астана қаласындағы ЭКСПО кешенінде 10 раундтық кездесу өткізіп, болгариялық Милена Колеваны айқын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ, отандасымыз IBA әлем чемпионы белдігін иеленді.
 

30 желтоқсанда боксшы қыз Алматыда бельгиялық Джемилла Гонтарюкты (13-4-1, 2 КО) төрешілер шешімі бойынша жеңіп, IBO және WBC Silver титулының иегері атанды.

Жаңа есімдер

2017 жылы 17 қазақстандық боксшы кәсіпқой боксқа ауысты. Олардың қатарында  Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадаларында қатарынан екі дүркін қола жүлдегер атанған Иван Дычко, 2015 жылғы Ғалым Жарылғапов турнирінің жеңімпазы Нұрзат Сабыров және қазақстандық белгілі әнші Ибрагим Ескендір бар.

  

Айта кетерлігі, Дычко 29 қыркүйекте АҚШ-та дебюттық кездесуін өткізіп, 16 желтоқсанға дейін 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында уақытынан бұрын жеңіске жетті. Ал ән өнерінен боксқа бет алған Ибрагим Ескендір 3 және 30 желтоқсан күні екі кездесу өткізіп, екі қарсыласын да нокаудқа жіберді.