Дегенмен, жетістіктерден де құр алақан емеспіз. Әсіресе, паралимпиадашылардың нәтижелері біршама көңілге демеу болып отыр. «SPORTINFORM» САА қазақстандық паралимпиадашылар 2018 жылды қалай өткізгенін еске алуды ұсынады.
Пхенчхан-2018
Пхенчхандағы қысқы Паралимпиада ойындарына Қазақстан атынан алты спортшы, сондай-ақ бір спортшы-гид барды. Дегенмен, спортшылардың шағын құрамы тарихи нәтижелерге жетуге кедергі болған жоқ. Ең алдымен, Александр Герлиц 20 км қашықтыққа еркін әдіспен шаңғы жарысында төртінші орын алды. Бұл, Қазақстан үшін соңғы 14 жылдағы Параойындардағы ең жоғары нәтиже. 1994 жылы Любовь Воробьева Паралимпиадада күміс медаль алғалы бері, біздің спортшылар ол нәтиженің маңайына жолай алмап еді.
Бірақ Герлицтің нәтижесінен кейін араға екі күн салып 45 жастағы Александр Колядин 1,5 км қашықтыққа классикалық әдіспен шаңғы жарысында Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада «алтынын» жеңіп алды. Осы нәтиже жалпыкомандалық есепте 20-орынға көтерілуге, ал жүлдегерлерге әлемдегі ең жоғары сыйақы алу мүмкіндігін берді. Еске сала кетейік, «алтынға» бізде 250 000 доллар, ал төртінші орын үшін 30 000 доллар беріледі. Әлемнің басқа бірде-бір мемлекеті мұндай сыйақы төлемейді.
Джакарта-2018
Паралимпиадашылардың жеңісті жолы Индонезияда өткен Параазиада ойындарында да жалғасты. Азиада-2018 Қазақстан спорты тарихында ең нашар дода болғанын айта кетейік. Оның қорытындылары бойынша, отандық спортшылар алғаш рет құрлықта үздік бестікке кіре алмай, тоғызыншы орынды қанағат тұтты.
Ал паралимпиадашылар, керісінше, тағы бір рекордқа қол жеткізді. Спорттың тоғыз түрі бойынша сынға түскен олар 33 медаль жеңіп алды. Бұл қазақстандық спортшылардың құрлықтық Ойындардағы ең жақсы нәтижесі. Бұған дейін 2014 жылы 24 медальмен шектелген едік.
Бұдан тыс, спорттың төрт түрінен алғаш рет үздік үштікке іліндік. Қола медаль жеңіп алған Қазақстанның паралимпиадалық волейбол құрамасы командалық спорт түрлері тарихында алғаш рет медальға қол жеткізді.
Осы нәтижелер өздігінен келмегенін айта кеткен жөн.