"Ауа-райына ұзақ мерзімдік болжам бойынша, еліміздің солтүстік өңірлерінде сәуірдің ортасы мен үшінші онкүндік арасында Орта Азиядан енген жылы ауа массаларына байланысты ауа температурасы түнде 3...8 жылы, күндіз 10...15 градусқа дейін көтеріледі" - деп жауап берді "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі "ҚазАқпарат" агенттігінің ресми сауалына.
Синоптиктердің хабарлауынша, мамыр айы республика аумағында жылы және жауын-шашынды болады деп күтілуде, тек республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігі мен орталығында жауын-шашын нормадан аз түседі.
Маусым-шілде айларында республиканың батысы мен оңтүстігін қоспағанда, жауын-шашын мөлшері нормадан асады деп болжануда.
"Тамыз айында еліміздің батыс бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы 1...2°С-қа көтеріледі, ал қалған аймақтарда бұрынғы жылдардағыдай. Жаңбыр мөлшері еліміздің басым бөлігінде нормадан аз болмақ, тек Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстанның солтүстігінде, Алматы облысының таулы және тау бөктері аймағында ғана нормаға жуық болады", - делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Сондай-ақ, Қазгидромет маусымдық болжамдардың айлық, онкүндіктік және тәуліктік болжамдармен нақтыланып тұратынын атап өтті.
Еске сала кетсек, демалыс күндері Қазақстанның оңтүстік облыстарына Ираннан белсенді бұлт сілемдері жылжып келеді. "Салдарынан жексенбі және дүйсенбі күндері жаңбыр жауады, найзағай және екпінді жел күтіледі. Суық ауа ағымдарының әсерінен бұршақ жаууы да мүмкін. Республикамыздың оңтүстігі мен шығысында температура нормаға жақын болады", - деп хабарлайды синоптиктер.
Ал еліміздің солтүстігінде жауын-шашын болмайды. Одан кейін Батыс Сібірден келетін суық арктикалық ауа ағындары жаңбыр және сырғақ қар түрінде жаууы мүмкін. Батыста, солтүстікте және еліміздің орталығында ауа температурасы әдеттегіден 1-3°С-қа төмен болады.