2018 жылдың наурызында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың наурызында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев мәлім етті.

«Үлкен Алматы айналма жолы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен салынатын болады. Қазіргі кезде Түркия және Кореядан инвесторлар табылды. Олар 150 миллиард теңгеден астам қаржыны осы жолға жұмсауға әзір. Осы орайда тиісті келісімшартты бекіту шаралары аяқталуға таяу. Алдағы жылдың наурыз айы кезінде жолдағы құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз»,-деді Сатжан Аблалиев Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін.

Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма жолы 66 шақырымды құрап отыр. Жоба аясында 6 жолақты автомагистральдің құрылысы ескерілген. Осы орайда бұл жоба арқылы Алматының көлік жүйесіне түсіп отырған салмақ айтарлықтай төмендемек.

Бұдан бұрын хабарланғандай , биыл маусымда ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үлкен Алматы айналма жолы құрылысына қатысты түсінік берген болатын. 

Қаланың инженерлік-коммуникациялық құрылымын дамыту мәселесі «Алматы-2020» Даму бағдарламасында жан-жақты көзделген.

Аталған құжат 2015 жылы қоғамдық талқылаудан өтті.

2020 жылға қарай жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының сапасын 80%-ға арттыру көзделген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 65% болды.

Қолда бар мәліметтер бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдары 2013-2015 аралығында 41%-дан 65%-ға дейін өскен.

Автожолдар қорының жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын жаңадан жолдар салынады және бұрыннан бар жолдар жөндеуден өтеді. 2013 - 2015 жылдар аралығында  жаңадан 9,5 км жол салынған, 20,7 км болатын  магистралды көше созылған, 10,2 км жол күрделі жөндеуден өткен, 388,5 км жолға ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, жөндеу жұмыстарының бірыңғай тізілімі және қаланың аумағындағы  жолдардың картасы жоқ екені байқалады.