2018 жылдың үздік телехикаясы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Элена Ферранте жазған кітаптың желісімен түсірілген «Менің тамаша құрбым» фильмі 2018 жылдың үздік телехикаясы атанды. Metacritic көрермендердің пікірлері негізінде жасалған рейтингті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екінші орын «Барри» атты қара комедияға бұйырды. Оның сюжетіне сәтсіз киллердің бастан кешкендері арқау етілген. Бас рөлде - Билл Хейдер. 

Үздік үштікті «Еваны өлтірген кезде» драмасы түйіндеді. Телехикая Люк Дженнингстің MI5 аналитигі Ева Поластри жайындағы романының желісімен түсірілген. 

Қазіргі Америкадағы медиа орта туралы баяндайтын «Еркін самғауда» фильмі төртінші орынға, бас кейіпкерін Джулия Робертс сомдаған «Үйге оралу» телехикаясы бесінші орынға тұрақтады.

Үздік ондық қатарына «Шығынымызға қабырғам қайысады», «Нарко: Мексика», «Оққағар», «Қара найзағай» атты фильмдер кірген.