2018 жылдың үздік жеңіл атлеті анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кениялық марафоншы Элиуд Кипчоге 2018 жылдың үздік жеңіл атлеті атанды. 34 жастағы спортшыға марапатты Монакода өтетін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қауымдастығының (IAAF) жыл сайынғы рәсімінде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кипчоге әлемдік рекордты 16 қыркүйекте Берлин марафонында орнатты. Ол қашықтықты 2 сағат 1 минут 39 секундта еңсерді. Ол төрт жыл бойы еш өзгермей келген отандасы Деннис Киметтоның рекордын 1 минут 18 секундқа жақсартты.

Сондай-ақ, сыйлыққа кениялық Тимоти Черут (1500 м жүгіру), Эммануэль Корир (800 м жүгіру), америкалық Кристиан Коулман мен Ноа Лайлз (қысқа қашықтыққа жүгіру), француз Кевин Майер (көпсайыс), жаңазеландиялық Томас Уолш (ядро лақтыру), катарлық Абдеррахман Самба (400 м кедергілі қашықтыққа жүгіру), швед Арман Дюплантис (сырықпен секіру) және ОАР өкілі Луво Маньонга (ұзындыққа секіру) үміткер болды.