2018 жылға дейін 430 мың қазақстандық газбен қамтылады - В. Школьник

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылға дейін 430 мыңнан астам қазақстандық газбен қамтылады. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингісінде ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.

«Қазіргі уақытта 14 аймақтың - 10-ы газбен қамтамасыз етілген. Яғни халықтың 42 пайызы газ игілігін көріп отыр», - деді В.Школьник.

Министр қазіргі уақытта ведомство «Қазтрансгаз» компаниясымен бірге елді газдандыру бойынша мәселені шешіп жатқандығын атап өтті.

«Бюджеттен газдандыру жұмыстарына 10 млрд теңге бөлінді және біздің ұлттық компания ОҚО, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы жүйелерді жаңғыртуға қосымша 93 млрд теңге инвестиция бөліп отыр», - деп нақтылады В. Школьник.

Энергетика министрінің хабарлауынша, 2016-2018 жылдары бюджеттен 66 елдімекенді газдандыруға қаражаттар қарастырылып отыр.

«Ол ең бірінші кезекте Ақтөбе, БҚО, ОҚО, Қостанай облыстарындағы елдімекендер. Шамамен 160 мың адам газбен қамтылады. Оның үстіне Ұлттық компания есебінен 2018 жылы тағы 270 мың адам көгілдір отынға қол жеткізетін болады», - деп түйді В. Школьник.