2018 жылға дейін Астанада жеке тұрғын үй құрылысына жер беру жоспарда жоқ
«Қазіргі уақытта Астана қаласының аумағында жеке тұрғын үй құрылысына жер беру үшін қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген дайын алаңдар жоқ және 2018 жылға дейін аталған аумақта жер беру жоспарланбаған», - деп атап өтілген басқарма мәліметінде.
Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 27 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру жөніндегі арнайы есепке Астанада 113 000 адам тіркелді.
«Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітілмегендігін және бағдарлама әзірлеу барысында екендігін атап кету қажет», - дейді мекеме өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы қыркүйек айында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында «Нұрлы жер» бағдарламасын басым қырларын ашып айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда, алдағы екі жылда еліміз бойынша қарапайым азаматтардың жеке үй салуына қажетті 100 мың жер учаскесі бөлінеді.