«Газ саласына тоқталсам, 2015 жылы бұл сала дамуға бет алды. 45,3 млрд текше метр газ алынды. Осы жылдың төрт айында өндірілген газ көлемі 15,5 млрд текше метрді құрады. Елімізді газдандыру - басты стратегиялық бағыт екені белгілі. Жалпы, былтырғы көрсеткішке сүйене отырып айтсам, Қазақстанның 43 пайызы газбен қамтылған», - дей келе министр осы саладағы жоспарға тоқталды.
«2016-2018 жылдары Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарында 70 елді мекен газбен қамтылады. 2016-2020 жылдар аралығында елді газдандыру үшін «ҚазТрансГаз» ұлттық операторы есебінен қосымша қаржы аламыз. Осылайша, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы 14 ірі елді мекенді газбен қамти аламыз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бір желісі іске қосылған. Жоба толық қуаттылыққа көшке соң, еліміздің оңтүстігіндегі алты жүзге жуық елді мекені газбен қамтылады. Сонымен қатар, Қытайға газ экспорттай аламыз»,-деп хабарлады Энергетика министрі.
Қ.Бозымбаев атап өткендей, елімізде көгілдір отынның бағасы «Газ жəне газбен қамту туралы» заңға сәйкес, тауарлық газдың шекті көтерме бағасы белгіленеді. Ол баға еліміздің барлық облысы үшін бірдей болады.