2018 жылғы ӘЧ-ның ресми добы таныстырылмай жатып, фотосы интернетке тарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде 2018 жылы футболдан Ресейде өтетін әлем чемпионатының ресми добының фотосы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фотосурет Footy Headlines порталының Twitter әлеуметтік желісіндегі микроблогында пайда болды.

Хабарланғандай, допты «Adidas» компаниясы әзірлеп, «Telstar 18» атауын берген. «Бұл қазіргі заманғы футболдың символына айналған «Telstar» түпнұсқа доптың заманауи интерпретациясы», - деп жазды Footy Headlines.

Порталдың мәліметі бойынша, доптың ресми таныстырылымы 1 желтоқсан күні Әлем кубогының финалдық турниріне жеребе тартылғаннан кейін өтеді.  Алайда, бұған дейін ТАСС агенттігі «Ресей-2018» ұйымдастыру комитетінің бас директоры Алексей Сорокинге сілтеме жасап хабарлағандай, тұсаукесер 9 қарашада өтпек.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейдегі әлем чемпионаты келер жылдың 14 маусымы мен 15 шілдесі аралығында өтеді.

Бұл дүбірлі додаға қазірге дейін Германия, Исландия, Ресей, Колумбия, Бельгия, Англия, Испания, Польша, Сербия, Франция, Португалия, Бразилия, Уругвай, Аргентина, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Сауд Арабиясы, Коста-Рика, Нигерия, Панама, Мысыр және Мексика құрамалары жолдама алып үлгерген.