2018 жылы апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жылы Қазақстанда Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі (ААШШ) жол-көлік оқиғасы немесе басқа да төтенше жағдай туралы құтқару қызметтерін ақпараттандыру уақытын қысқарту үшін арналған. Осы жүйенің арқасында зардап шегушілерге алғашқы көмек «алтын уақыт» аралығында көрсетіледі. Бұл өз кезегінде жолдарда өлім-жітімді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша ААШШ жүйесінің мәліметтерді өңдеу орталықтары үшін бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленді»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, барлық өңірлердегі төтенше жағдайлар депуртаменттерінде жүйе операторларына автоматтандырылған жұмыс орындары жасақталды.

« Қазақстанның Кеден одағы аясында міндеттемелерімен көрсетілгендей, жүйе қанатқақты режімде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет етуде. Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесін құру шаралары жалғасуда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы аяқталады»,-деп түйіндеді сөзін Атамқұлов.