«2018 жыл - Өзбекстанның Қазақстандағы жылы. Бұл тек мәдени оқиға ғана емес, барлық бағыттағы байланыстар деп айтуға болады. Бұл жылды нақты жобалар және бағдарламалар жылы, ең бастысы әртүрлі деңгейдегі нақты біріккен іс-әрекеттер жылы деп айтуға болады», - деді Ерік Өтембаев.
Дипломат сонымен қатар екі ел арасындағы байланыс 2018 жылы саяси және экономикалық іс-шараларға толы болатынын жеткізді.
«Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясындағы жобалар жарқын істерге толы болатынына сенімім мол. Тіпті 2017 жылы біз ЭКСПО өткізгенде өзбек павильоны адамдар ең көп келетін орын екенін байқадық», - деді Ерік Өтембаев.
Дипломаттың айтуынша, 2017 жыл туризм саласы болашақта дамыту қажет салалардың бірі екендігін көрсеткен.
«Біз ынтымақтастықтың жаңа салаларын талқылаған кезде туризмге басымдық берілді. Өзбекстан - тарихы бай мемлекет. 2017 жылы Астана арқылы, Ташкент, Самарқанд және Бұхара арқылы туризм саласы жаңғыра бастады. Осыған орай біз «Алматы - Ташкент» арнайы пойызын іске қостық», - деді Ерік Өтембаев.
Елшінің айтуынша, аталған пойыз туристерге Өзбекстан қалаларын көруге мүмкіндік берді. Осыған орай екі ел арасында әуе байланысы да жандана түскен.