«Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз 2020 жылға қарай транзиттен түсетін қаражатты бес миллиард долларға дейін ұлғайтуымыз керек. Бүгінде ол сома 1,5 миллиарды құрады. Соңғы 2-3 жылдың ішінде Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы баратын транзит жыл сайын екі есеге өсіп жатыр. 2020 жылға дейін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.
Осы орайда министр жүк транзитінен бөлек, сонымен қатар жыл сайын Қазақстан арқылы әуе көлігімен сапарлайтын транзиттік жолаушылардың да саны артып келе жатқанын атап өтті.
«Былтыр 600 мың адам Еуропадан Азияға және басқа бағыттарда Қазақстан арқылы өтті. Биыл транзиттік жолаушылар 900 мың адамға жетеді деп болжап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Үкіметі мен Әзербайжан Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, қабылданды.
Ж. Қасымбектің сөзіне қарағанда, бүгінде 41 шет елмен автомобиль қатынасы жөніндегі келісім бекітілді. 2017 жылы автокөлікпен жүк тасымалы көлемі Қазақстан мен Әзербайжан арасында 31 пайызға артты.