«Құрметті жоғары мәртебелі Елшілер және Өкілдік басшылары! Ханымдар мен мырзалар!Бүгін өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Еліміздегі дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу жақсы дәстүрге айналды. Бұл, ең алдымен, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын маңызды шара. Сондықтан, осы басқосуда Қазақстанның даму бағдарына, ішкі-сыртқы саяси басымдықтарына баса мән бергіміз келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 70 елшілік және 30 халықаралық ұйым өкілдігі бар. Еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер алдағы уақытта да көбейе түседі деп үміттенеміз» деп бастады сөзі Мемлекет басшысы.
Одан әрі Президент Елбасының тарихи шешім қабылдағанын, биліктің бейбіт жолмен берілуі Қазақстанды тың серпінмен дамытуға мүмкіндік тудырғанын атап өтті.
«2019 жыл Қазақстан үшін өте маңызды болғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуі үшін тарихи шешім қабылдады. Өткен президент сайлауы саяси жүйеміздің тұрақтылығын және демократиялық даму жолымыздың мызғымастығын бүкіл әлемге танытты. Менің атыма құттықтау жолдаған мемлекет басшыларына және халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне ризашылығымды білдіремін. Биліктің бейбіт жолмен берілуі Қазақстанды тың серпінмен дамытуға мүмкіндік тудырды. Біз Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған дамудың стратегиялық бағдарынан айнымай, сабақтастық, әділеттілік, өрлеу құндылықтарына берік боламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.