2019 жылға дейін Қазақстанда темекі және алкоголь акциздері едәуір қымбаттамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылға дейін Қазақстанда темекі және алкоголь акциздерінің бағасы біртіндеп ұлғайтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің фискалдық функциясын күшейту үшін оның мөлшерлемесін сатылап ұлғайту керек. Қазіргі қолданыстағы Салық кодексінде акциздік салық мөлшерлемелерінің өлшемі 2014-2016 жылдарға ғана белгiленген, ал 2017-2019 жылдарға белгiленбеген. Алкогольдік өнімнің 1 литрі үшін: 2017 жылы - 2000 теңге, 2019 жылы - 2 550 теңгеге дейінгі акциздік мөлшерлемені белгілеу ұсынылып отыр. 2016 жылмен салыстырғанда, өсім - 85 пайызды құрайды. Ал сыра және сыра сусындарының 1 литрі үшін 2017 жылы 39 теңге, 2019 жылы 57 теңгеге дейін өсіру ұсынылады. 2016 жылмен салыстырғанда өсім 219 пайызды құрайды», - деді Қ. Бишімбаев.

Темекі өнімдерінің 1000 данасы үшін акциз 2017 жылы 6200 теңге болса, 2019 жылы 8700 теңгеге дейін өсетін болады.
«Сонымен қатар алкоголь өнімдерін экспорттау кезінде қосарланған салық салуды болдырмау және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін этил спирті акцизінің нөлдік мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады», - деді министр.