Бұл туралы бүгін Мәжілісте тегін техникалық және кәсіби білім беру тетігін енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
Министрдің айтуына қарағанда, жыл сайын мектеп бітіретін 21 мың түлек арнайы білімі болмай, жоғары оқу орнына да түсе алмай еңбек нарығына тап болады. Олардың ішінде 3,8 мыңға жуығы бірден жұмыссызға айналады. «Сондықтан да, біздің мақсатымыз осы мектеп бітіретін 21 мың адамды өзіміздің жүйе арқылы өткізу. Осыған байланысты тегін кәсіби және техникалық білім беру үлгісі құрылып отыр. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің гранттары жұмысшы мамандықтары бойынша бөлінетін болады. Сосын олар конкурс негізінде ең төменгі санаттар бойынша бөлінеді», - деді министр.
Оның айтуынша, бұндай жүйе жұмысшы мамандықтары бойынша оқып жатқан балаларды бүгінгі 20 пайыздан 2019 жылға қарай 40 пайызға дейін арттыруға септігін тигізеді.