2019 жылы Астананың қоғамдық көлік тарифі тағы көтерілуі мүмкін
Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, қалалық автобуста жолақысын картамен төлем жасауды 120, ал экспресс автобустарда 200 теңгеге көтеру болжамды дүние.
«Ең алдымен тарифті көтеру мәселесін енгіздік. Бұл ретте мәселе мынада, сараланған тариф енгізгеннен кейін жүргізілетін сараптамаға орай, бұл тарифтің қаншалық шынайы екендігіне көз жеткіземіз. Бекітілген тарифті көтермеу үшін субсидияны әкімдік қаншалықты көтере алатындығын қарастырамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, 3-4 айдан кейін сараланған тарифті енгізгеннен кейін шынайы табыстың, шығынның қаншалықты болғандығы Қоғамдық кеңес тыңдауға енгізілетін болады.
«Бонустық, айыппұл жүйесі бойынша нақты теңгерім болуы және дұрыс қызметті қамтамасыз ету үшін автобус парктерімен сәйкесінше келісімшарт жасасамыз», - деді басқарма төрағасы.
Айта кетейік, елордада сараланған тариф енгізілген кезде қоғамдық көлікте жол жүру құны көлік картасымен төлеу кезінде 90 теңгені құрайды. Ал қоғамдық көлікті жиі пайдаланбайтын немесе карта алуды қажетсінбейтіндер үшін жол жүру құны 180 теңге болады.
Сонымен қатар автобустарда кондуктор болмайды.