2019 жылы Бейжіңде әлемдегі ірі жаңа әуежай ашылады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Аспанасты елінің астанасында салынатын жаңа әуежайдың тұжырымдамалық дизайнын жасау аяқталды, ол әлемдегі ең ірі жолаушылар әуежайы болмақ. Бұл туралы Қытай азаматтық авиациясының сайты (ccaonline.cn) хабарлады.

Әуежайдың алғашқы терминалы теңіз жұлдызы түрінде салынбақ. Оның ұзындығы 5 шақырым, ауданы 700 мың шаршыметр. Терминалда ұшуға шығатын 82 кірме есіктер болады.

Бейжіңнің жаңа «әуе қақпасының» дизайнын 2014 жылы қарашада тендерді ұтып алған француздың «ADP Ingenierie» және британдық «Zaha Hadid Studio» сәулеттік фирмалары жасады. Әуежайды салу 26 желтоқсанда Бейжіңнің Дасин ауданында басталды.

Жобаның құны 79,98 млрд юань (13,11 млрд доллар). Әуежай 2019 жылы пайдалануға берілмек. 2020 жылға қарай ол жылына 72 млн. жолаушыны және 2 млн. тонна жүктерді қабылдай алады - бұл 620 мыңға тарта рейс деген сөз.