2019 жылы елордада төрт балабақша пайдалануға беріледі
«Бүгінгі таңда Астана қаласының әкімдігі тарапынан білім саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Бірінші кезекте қала әкімі Әсет Исекешевтің арқасында елордалық білім беру жүйесін қаржыландыру соңғы 2 жылда қарқынды өсуде. Ол 2017 жылы 54 млрд теңгені құраса, биыл 65 млрд теңгеге, яғни 20 пайызға артты. Оның ішінде басымдық берілген бағыттар - білім беру нысандарын қажетті деңгейде қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары, қосымша білім беру жүйесі және басқалалары», - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда қалада 336 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жыл сайын мұндай мекемелер саны арта түсуде. Нәтижесінде соңғы 2 жылдың ішінде 3-6 жас аралағындағы балаларды мектепке дейінгі даярлықпен қатмамасыз ету көрсеткіші 70 пайыздан 81 пайызға дейін өсті. Қалған балалардың 30 пайызы жекеменшік балабақшалар арқылы қамтылған. Мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарда 18 мың орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Көктемдегі балабақшаға іріктеудің нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы кезекте тұрған балалар саны 37 мыңнан 24 мың балаға дейін төмендеді.
«Соңғы екі жылда е-астана арқылы балабақшаларға 43 мыңнан астам жолдама берілді. Оның 23 мыңы 2018 жылдың І жартыжылдық көрсеткіші. Яғни, жыл сайын жүйені қолдана білетін ата-аналар саны көбеюде. Өткен жылда біз 20 мың жолдама берсек, осы жылы бұл көрсеткіш тек жарты жыл ішінде артып отыр»,- деді Әнуар Жанғозин.
Оның дерегінше, 2018 жылы қалада 480 орынға арналған №94 Сұңқар және №95 Алматы мемлекеттік балабақшалары ашылды. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 720 орынға арналған екі балабақша салынып жатыр. Мұнан бөлек, ұлттық компаниялар тарапынан 480 орындық 2 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың барлығы 2019 жылдың ішінде пайдалануға беріледі.