2019 жылы «Щучье-Зеренді» автожолы толық төселіп бітеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұзындығы 80 шақырымдық «Щучье-Зеренді» автожолын қайта салу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметіне қарағанда, бұл жұмыстарды 2019 жылы аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар Қорғалжын табиғи қорығына апаратын «Астана-Қорғалжын» автожолы учаскесіне ағымдағы жылы орташа жөндеу жүргізілуде.

Мұнымен қоса, Щучье-Бурабай автожолының 16 шақырымы орташа жөндеумен қамтылған. Бурабай елді мекенінің орталығында 2 шақырым жол учаскесінің маңайындағы аумағын абаттандырумен қоса жөндеу жүргізілген. Жаяу жүргіншінің қауіпсіздігі және жайлылығы үшін түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етілген, тұрғындардың және туристердің демалысы үшін орындықтар орнатылды.

Қозғалыстың қарқыны мен автокөліктердің көп шоғырланатындығын ескере отырып, жеңіл автокөліктер үшін автотұрақтар салынды. Қазіргі заманға сай аялдамалар және қоршаулар тұрғызылды. Осы кезде Бурабай елді мекенін абаттандыру бойынша жұмыстар толық аяқталды.