2019 жылы шегіртке қай аумақтарда таралуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ажар Қаджыбекова ел аумағындағы егістіктіктерде шегірткенің таралуына қатысты жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілердің 5,1 млн гектарға, оның ішінде 1,92 млн гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 2,4 млн гектарға астық дақылдары ауруларының, 444 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжанды. Республикалық бюджеттен аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы 2,8 млн гектар жерде қорғау іс-шараларын жүргізуге 3,57 млрд теңге бөлінді. Дегенмен бұл қорғау іс-шараларымен толық қамтуды қамтамасыз етуге жеткіліксіз», - деп тоқталды А. Қаджыбекова.

Оның сөзіне қарағанда, зерттеу шараларын жүргізу кезінде 492 анықтаушы-маман және 432 автокөлік жұмылдырылды. Үйірлі шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары 1,7 млн гектар аумаққа, оның ішінде итальяндық прусқа қарсы - 929,1 мың гектар,  азиялық шегірткеге қарсы - 201,5 мың гектар, сондай-ақ марокколық шегірткеге қарсы 569,5 мың гектар аумаққа жүргізілді.

«Ауыл шаруашылығы жерлерінің шегірткелермен зақымдану фактілері тіркелмеді. Сонымен қатар, 2018 жылы  астық дақылдарының ауруларына қарсы күрес жүргізуге республикалық бюджет есебінен  543,9 мың гектар аумаққа фунгицидтер алынды», - деп нақтылады комитет басшысы.

Оның айтуынша, 2019 жылы аса қауіпті зиянды организмдердің таралуы 4,9 млн гектарға, оның ішінде астық дақылдарының аурулары - 2,4 млн гектарға,  үйірлі шегірткелер -1,9 млн гектарға және астықтың сұр көбелегі 549,2 мың гектарға таралуы болжанды, деп тоқталды А. Қаджыбекова ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында.