2020 жылдан кейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендеуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдан кейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендеуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада «Kazenergy» қауымдастығының 2013 жыл бойынша Ұлттық энергетикалық баяндамасын таныстыру барысында аталған қауымдастықтың Бас директоры Әсет Мағауов мәлім етті.

«Біздің болжам бойынша Қазақстанда мұнай өндіру артатын болады. Болашақта 2020 жылға қарай өсім 120-130 млн. тоннаға дейін өседі. Бұдан кейін белгілі бір көлемде мұнай өндіру көлемі төмендейді. Бұл Қазақстанның ірі кен орындарында өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болады», - деді Ә. Мағауов.

Осы орайда ол қауымдастық геологиялық барлау саласына инвестиция тарту көлемін күшейту керектігін алға тартып отырғандығын атап өтті. Өйткені, соңғы онжылдықта мұнай саласына бағытталған негізгі инвестициялар бұрын ашылған кен орындарын игеруге жұмсалуда.

«Геологиялық барлау кезеңіне инвестициялар жоқтың қасы. Егер де Үкімет тарапынан тиісті шаралар атқарылмаса, онда алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі төмендеуі ықтимал»,- деді Ә. Мағауов.