«Қызылорда облысының бюджеті 211,7 млрд. теңгені құрап, 26,5 млрд. теңгеге ұлғайды. Бүгінде құпия емес, 2012 жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша ел бойынша ең соңғы, 16-орында болды. Ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша үздік бестікке ендік. Бүгінде осы деңгейде ұстап отырмыз», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, бүгінде өңірде әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселесі де оңтайлы шешілуде.
«Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік саланы қаржыландыруға келер болақ, біздің облыста жан басына шаққандағы бөлінетін қаражат республика бойынша ең көбі болып отыр. Әр адамға 158 мың теңге бөлінеді. Бұл жылдар бойы артта алған әлеуметтік саланы дамытуға көмегін тигізеді. Дегенмен, бұл оңай жұмыс емес, алайда динамиканы көріп отырсыздар. Мысал үшін 2012 жылы біз салық түсімі бойынша ел бойынша 12-14-орында болдық. Ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша 4-орынға көтерілдік», - деді әкім. Оның айтуынша, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 90 пайызға жетті. «Сондықтан, Мемлекет басшысының балаларды балабақшамен 2020 жылға дейін толық қамтуға байланысты «Балапан» бағдарламасын біз келесі жылы орындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Оның үстіне Қызылорда облысы табиғи өсім бойынша үздік үш өңірдің қатарына кіріп, өсу қарқыны жыл сайын 4-7% құрап отыр. Статистика бойынша өңірде 754 мың адам тұрады делінсе, медициналық тіркеулерде 823 мың адам бар. Мен соңғысына көбірек жүгінемін. Өйткені, өңірде тұрақты тұратын адамдардың барлығы медициналық тіркеуге тұрады. Қазіргі өсу қарқынымен біз 10-15 жылда миллиондық көрсеткіштен асамыз деп ойлаймын. Сондықтан, әлеуметтік нысандарды адын ала салу мақсатын алға қою қажет», - деп атап өтті Қ. Көшербаев.