Вице-министр өз сөзінде экономика қажеттілігін еңбек ресустарымен қанағаттандырудың және өндіріс пен оқыту арасында тікелей байланыс орнатудың маңызды элементтерінің бірі - кәсіби стандарттар әзірлеу екендігін атап өтті.
«Бұл тұрғыда Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқаруда. 2012 жылдан бастап 345 кәсіптік стандарттар әзірленіп, бекітілген. Осы жылы біздің жоспарымыз бойынша тағы да 58 кәсіптік стандартты бекітуді көздеп отырмыз. Бұл жұмыстарды атқаруды біз өз күшімізбен ғана шектеліп қалмай, халықаралық қаржылық ұйымдардың да көмегін пайдаланудамыз. Сол стандарттардың 147-сі Дүниежүзілік банк көмегімен әзірленген. Жалпы, 2020 жылға дейін біз 900 кәсіптік стандартты экономиканың барлық саласында әзірлеуді жоспарлаудамыз», - деді Б.Нұрымбетов.
Осы орайда вице-министр кәсіптік стандарттар ертеңгі күні білім беру стандартының не болмаса оқыту бағдарламаларының жоспарына негіз болуы тиістігін айтты.
«Кәсіптік стандарттың әзірлену сапасы да жоғары болуы тиіс. Осы ретте біз келер жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру қызметін беруді жоспарлаудамыз», - деді ол.