Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта елдегі 2 университет әлемдегі ең үздік университеттердің біріне айналуы керек. Ал адам өмірінің ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарады. Ана өлімі 2 есеге кеміп, бала өлімі 3 есеге азаяды. Сондай-ақ елдегі жұмыссыздық 5 пайыздан аспайтын болады. «Егер біз дәл бүгінгі қарқынмен дами беретін болсақ, бұл міндеттерді асыра орындайтындығымызға сенімдімін»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, Үкімет осы уақытта аталған міндеттерді жүзеге асыруға барынша күш салып отыр. «Қазіргі таңда Үкімет «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруда. Оған сәйкес, 2020 жылға дейін
3-пен 5- ке дейінгі аралықтағы бүлдіршіндердің барлығы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілуі керек. Біріншіден бұл баланың дамуына зор ықпал етеді. Себебі тап осы үш жылдың ішінде балалар орта мектептегі білімге пара-пар білім алатындығын ғалымдар айтып отыр. Сондықтан балалардың интеллектісін дамыту үшін бұл өте маңызды шара. Оның үстіне педагог мамандар да мектепке келетін баланың жақсы дайындықпен келгендігі дұрыс екендігін айтуда»,-деді Е.Орынбаев.
Оның деректерінше, Үкімет осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін көріп те үлгерді. Айталық, 2010 жылы мектепке дейінгі балалардың 30 пайызы біліммен қамтылса, «Балапан» бағдарламасының арқасында бұл көрсеткіш биыл 55,6 пайызға жетіп отыр»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.