2020 жылға дейін еліміздің барлық мектептері кеңжолақты интернетке қосылады

ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2020 жылға дейін еліміздің барлық мектептері кеңжолақты интернетке қосылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті.

«Бүгінгі күні елімізде 7 мың 518 мектеп болса, оның 7 мың 479-ы телефон байланысымен қамтылған. Бұл ретте ауылдық жерлердегі 2-3 сағаттық оқыту жұмыстары жүргізілетін мектептерді қосып отырған жоқпыз, бірақ алдағы уақытта оларды да байланыс телефондарымен қамтамасыз етуге болады. Ал интернетпен қамтылған мектептердің саны 7 мың 194. Оның ішінде кең жолақты интернет 3 мың 262 мектепке қамтылған. Бұл барлық мектептің 45,3 пайызы», - дейді Қ. Есекеев.

Оның айтуынша, 5 мың 899 ауылдық мектептердің 5 мың 860-ы телефон байланысына қосылған. Бұл ретте ауылдық мектептердің интернет қызметіне кіріккені 5 мың 613-ті, оның ішінде кең жолақты интернетпен қамтылғаны 29 пайыз болып отыр.

«Біз Білім және ғылым министрлігімен, Байланыс және ақпарат министрлігімен меморандум жасасып жатырмыз. Ол бойынша жақын жылдары кең жолақты интернетке барлық деңгейдегі мектептердің қолжетімділігі арта түседі. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2020 жылға дейінгі аралықта еліміздің барлық мектептері 4-10 Мгб жылдамдығындағы кең жолақты интернетке қосылады», - дейді Қ. Есекеев.