2020 жылға дейін Қазақстанда 30 мың шақырым жол жаңартылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында 30 мың шақырым автокөлік жолдары мен 8,2 мың шақырым теміржол желілері қайта жасалады және жөндеуден өтеді.

Мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленіп, 2014 жылдың 13 қаңтарында бекітілді. Бағдарламаны даярлау шаралары Дүнижүзілік банк сарапшыларының қолдауымен жүргізілді. Оның стратегиялық мақсаты - Қазақстаның қазіргі заманғы көліктік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ оның әлемдік көліктіктің жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету.

Айта кетейік, өткен аптада ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматыға сапары барысында Алматы үлкен айналма автожолы құрылысы жобасымен және қайта жөндеуден өтіп жатқан «Алматы-Қапшағай» тас жолының қазіргі ахуалымен танысты. Осы орайда аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында көлік инфрақұрылымының қаншалықты жақсарғанын байқауға болады.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, «Алматы-Қапшағай» тас жолының қазіргі таңда 104 шақырымы жөнделіп жатыр. Оның 10 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. 63 шақырым жол 6 жолақты, қалған бөлігі 4 жолақты болады деп жоспарлануда. «Алматы-Қапшағай» тас жолы бойынша жұмыс екі жыл бұрын басталды. Жоба келесі жылы бітеді деп жоспарлануда. Ол сапасы жоғары бірінші санаттағы бетонмен қапталған жол болады. Келесі жылы жолды толығымен жабдықтап, 2017 жылдан бастап ақылы жүйе енгізіледі»,- деді Ж.Қасымбек.

«Менің ойымша, «Астана-Бурабай» тас жолы сияқты 1 шақырымына 1 теңгеден болатын шығар. Келесі жылы біз «Астана-Бурабай» тас жолынан 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы түсіруды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, жол өзін-өзі қамтамасыз ететін болады», - деді вице-министр.

Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарлама аясында жолдарды жөндеуден бөлек, темір жол вокзалдары мен автовокзалдарды, автостансаларды стандарттарға сәйкестендіру ескерілген. Барлық негізгі әуежайлар халықаралық талаптарға сәйкес келтіріледі.

Соңғы жаңалықтар