2020 жылға дейін жоғары жылдамдықты интернетке 1,5 мың ауыл мектебі қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін Қазақстанда кең жолақты интернетпен бір жарым мыңнан астам мектеп қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Голобурда мәлім етті.

Оның айтуына қарағанда, бүгінде елімізде 5,5 мыңға жуық ауыл мектептері бар, оның ішінде екі мыңы «электронды оқыту» бағдарламасы аясында жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Осы орайда ол ауылдық жерлерді сапалы кең жолақты интернет қызметімен қамтамасыз ету үшін 2016 жылдан бастап елді мекендерде байланыстың талшықты-оптикалық желілері құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын еске салып өтті. «Ұсынылып отырған жоба аясында қосымша 1580 мектепті қосу қамтамасыз етілмек. Бұл мектептерде 500 мыңға жуық оқушы қамтылған»,- деді ол. Д.Голобурданың айтуынша, интернеттің кең жолақты желісі 1 900 мектепке жетпейді, олардың басым бөлігі шағын мектептер және осы мектептерде 110 мыңға тарта оқушы қамтылып отыр. Бұл өз кезегінде еліміз бойынша оқушылардың 4 пайызын құрайды. «Алайда олар назардан тыс қалмайды. Осындай мектептер үшін басқа технологиялар қосылады, яғни онда айтарлықтай жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етілетін болады», - деді ол.