2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр - ҚХА төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленуде.

Бұл жөнінде BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, он сегіз жылдағы жұмыс нәтижесінде Ассамблея этносаралық диалог мәселесі бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмысын үйлестіруші ретінде қалыптасты.

«Бүгінде атқарылған жұмыстың бірнеше бағытын айтуға болады. 2004 жылы ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Ассамблея 2007 жылдан бастап конституциялық орган болды. Бұрын Қазақстан халықтары Ассамблеясы болатын, бүгінде ол Қазақстан халқы Ассамблеясы болып аталады. Мұның ар жағында үлкен мағына жатқанын түсінетін адам біледі ғой деп ойлаймын. Сонымен қатар журналистер клубы арнайы құрылған еді. Мұның барлығы Қазақстанда жүріп жатқан этносаясатқа байланысты бірыңғай түсінікті қалыптастыруға ықпал ететін іс -шаралар деуімізге болады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ол қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді.

«Мұнымен қатар ең алғашқы рет Ассамблеяның жұмысын анықтайтын нақты іс-шаралар жоспары құрылды. Осы жоспардың негізінде қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Үлкен жеті салаға байланысты нақты қаржыландыру көздері анықталып, бекітіліп отыр. Осы салалар бойынша Ассамблеяның әр бағыттағы жұмысын қаржыландыру мәселесін салалық министрліктер қарастыратын болады», - деді Ассамблея төрағасының орынбасары.