2020 жылға қарай ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі 5 есе артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстанда ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі 5 есе артады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Ауыл шаруашылығы субсидия алатын болады. Тіпті, субсидияны қазіргі уақыттан да артығымен алады. Біздің 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламамызда көрсетілгендей, мемлекеттік қолдау көлемі 2020 жылға қарай 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 5 есе артады. Бұл амал өзгертілмейді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдаудың көлемі арттырыла түсуі де мүмкін. Бірақ, Үкімет, мемлекет салаға мол қаржы бөлуі үшін біздер бөлінген қаржының тиімділігін көрсетуге тиіспіз», - деп атап өтті министр. Дегенмен, А.Мамытбеков өз сөзінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлініп отырған субсидия отандық кәсіпорындардың еркінсуіне жол беріп отырғандығына қынжылыс танытты. «Субсидия ағыспен жүзуге мәжбүрлейді. Дұрысын айтқанда, ағысқа ілесуге мүмкіндік беріп отыр. Бірқатар кәсіпорындардағы өнімділікті, өндірістілікті жақсарта түсуді қажет етеді. Мәселен, кәсіпорын құжатында көрсетілген өнімнің 70 пайызын да шығармайтын құс өсіру кәсіпорындары бар», - деді ол.