Бұл туралы бүгін мал азығын өндіру мәселесіне арналған кеңейтілген алқа отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
«Қазіргі таңда азықтық дақылдар алқабы 3,1 млн. гектарды құрайды. 2020 жылға қарай иесіз қалған және тыңайған жерлерді игеру арқылы азықтық дақылдар алқабын 10,2 млн. гектарға жеткізу жоспарлануда», - деді ол.
Вице-министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, соңғы 5 жылдың ішінде азықтық дақылдар алқабы 747 мың гектарға немесе 32 пайызға ұлғайған. Дегенмен 90 жылдардың басындағы көрсеткіштерге жетпейді. Мәселен, 1991 жылмен салыстырғанда еліміздегі азықтық дақылдар алқабы еселеп төмендеген.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков орынбасарының мұндай деректеріне сын айтты. «Біз 91 жылдары 7 есе көп пішен немесе бірнеше есе сүрленген шөп дайындадық дегенімізбен, бұл ештеңені де білдірмейді. Мүмкін дәл қазіргі уақытта мұншалықты мол пішен мен сүрленген шөп қажет емес те шығар. Қазір бізде мүлдем басқа құрылым. Малдың 80 пайызы жеке шаруа қожалықтарының қолында. Олар мал азығын үйіп тастасаң да, сол пішен мен сүрленген шөпті алмайды. Біздің алдымызда 91 жылғы көрсеткішті басып озу міндеті тұрған жоқ», - деді А.Мамытбеков.