2020 жылға қарай елордаға келетін шетелдік туристер саны миллионға жетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай елордаға келетін шетелдік туристер саны миллион адамға жетеді деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында елорда әкімі Әсет Исекешев айтты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Негізгі мақсат - 2020 жылға қарай көрсеткішті 2 млн туристке, оның ішінде 1 миллионын шетелдік туристке жеткізу. Өткен жылы келген туристердің жалпы саны 830 мыңды құраса, оның 270 мыңы шетелдік болды», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, оның оқиға-іскерлік, рекреациялық-қалалық және медициналық туризм сынды үш бағыты айқындалған.

«ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің арқасында қаланың танымалдығы артқанын және шара аясында іс-шараларды сынақтан өтізуге мүмкіндік болғанын атап өткен орынды. Спорттық, мәдени және экономикалық бағыттардағы 300-ден астам іс-шара өткізілді», - деді Исекешев.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта қаланың туристік инфрақұрылымы жақсы. Елордада 15 мың адам сиятын 201 қонақ үй, 1100 дәмхана мен мейрамхана, сондай-ақ қонақ күтуге қатысы бар өзге де ныснадар жұмыс істеп тұр.

«Жол картасы аясында бірқатар байыпты іс-шара өткізу жоспарланған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірге мәдени, спорттық, халықаралық сипаттағы 470-тен астам, сонымен бірге министрліктермен және ведомстволармен халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуді айқындаудамыз. Аталған шаралардың негізгі басымдығы - шетелдік және біздің өңірлерімізден туристердің қатысуы», - деді елорда басшысы.

Исекешевтің сөзіне қарағанда, мұнан бөлек қалада туристерге тартымды болатын ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық аквапарк, отбасылық ойын-сауық орталықтары және спорттық нысандар салу жоспарлануда.