2020 жылға қарай Ираннан автокөлікпен тасымалданатын жүктер 70 мың тоннаға артады - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Келісім 2014 жылдың 9 қыркүйегінде Астанада жасалған.

Бұл ретте келісім тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушылардың, жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу мәселелерін шешетін болады. Құжатқа сәйкес, жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдауды қоспағанда жолаушыларды тұрақты тасымалдау рұқсаттар негізінде жүзеге асырылатын болады. Келісім бойынша Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушыларына екінші Тарап мемлекетінің аумағы шегіндегі пункттер арасында жолаушы мен жүк тасымалын жүзеге асыруға тыйым салынады. Келісімге сәйкес, екіжақты транзиттік және үшінші елдерге тасымалдау рұқсат ету негізінде жүзеге асырылады. Бұл шарттар еліміздің жеткізушілері үшін тиімді әрі еліміздің халықаралық транзиттік әлеуетін дамытады.

«2014 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы барлық көлік түрлерінен жүк тасымалдар көлемі 2 млн. 700 мың тоннаны құраған болатын. Соның ішінде автомобиль көлігімен 23 мың тонна тасымалданған. Бұл ретте 2020 жылға дейін автокөліктермен тасымалданатын жүктер 70 мың тоннаға артатынын болжаймыз», - деді Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешев.