2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемін 2 есеге арттыру жоспарлануда

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемін 2 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін 6-шы Астана экономикалық форумы аясында өткен «Әлемдік нарыққа шығу үшін көліктік инфрақұрылымды және транскаспийлік бағдарларды дамыту» атты сессияда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

«Біздің шарамыздың Қазақстанның астанасында Шығыс пен Батыс елдерін қосатын Ұлы жібек жолы орналасқан жерде өтуінің нышандық мәні бар. Бүгінде біздің еліміз Ұлы жібек жолының тарихи рөлін қайта өрлетуде. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің өткен жылғы отырысында «Жаңа жібек жолы» жобасын жүзеге асыру басталғандығын жария етті», - деді ол.

Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, аталған жоба елдің басты көлік дәліздерінде халықаралық деңгейдегі хабтардың бірыңғай кешенін құруды көздейді. Бұл мақсаттарда Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, тауар айналымы көлемін қарқынды түрде арттыру үстінде. Соңғы 10 жылдың ішінде елдің сыртқы сауда айналымы 8 есе өсіп, жылына 135 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал елдің сыртқы сауда әріптестерінің қатары 100 елден асып түсті.

«Қазақстанда көліктік-коммуникациялық кешенді дамытуға соңғы 3 жылдың ішінде 14 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы құйылды. Оның 5 млрд. доллардан астамы халықаралық қаржы институттарының займы болып саналады. Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалының бүгінгі таңдағы көрсеткіші жылына 17 млн. тоннадан асып түсті. Ал кіріс жылына шамамен 1 млрд. долларды құрады», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.