2020 жылға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаның үш негізгі бағыты айқындалды - С. Нокин

А. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2020 жылға дейінгі Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаның үш негізгі бағыты айқындалды.

Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Сергей Нокин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты қазіргі инженерлік желілерді және коммуналдық сектор нысандарын жаңғырту және реконструкциялауды қарастырады. Екіншісі, елді мекендерді сумен қамтуды көздейді. Бұл ретте шағын қалалар халқының түгелдей сапалы ауызсуға қол жетімділігін қамтамасыз ету Агенттікке жүктелетін болады. Үшіншісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін институционалдық негізді құруды көздейді. Бұл үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базасын жетілдіруді қамтамасыз ету, салалық ғылымды дамыту, мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің механизмдерін, жаңа технологияларды трансферттеу, корпоративтік басқару әдістерін әзірлеу қарастырылып отыр.

С. Нокиннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан бағдарламаның жобасын Агенттік ағымдағы жылғы маусымның 1-не дейін Үкіметке ұсынатын болады.