2020 жылы Астанадан Токио, Шанхай және Нью-Йоркке тікелей әуе рейстері ашылады
ҚР Үкіметі қаулысына сәйкес, Астана қаласында туризмді дамыту жөнінде 2020 жылға дейінгі жол картасы бекітіліп жатыр.
Нақты осы құжатта 2020 жылға дейін Астанадан Токио, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына тікелей әуе рейстерін ашу жоспарланғаны көрсетілген. Сонымен бірге, 2019 жылға дейін ұшу географиясы мен рейстердің санын арттыру үшін шет елдердің авиациялық билігімен келісімдерге отыру көзделген.
Жол картасы бойынша 2017 жылдың желтоқсан айына дейін кемшіліктерді анықтап, негізгі бәсекелік артықшылықтарды айқындау үшін Астана қаласының клиникаларындағы медициналық қызметтердің және шетелдік азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сараптамасын жүргізу көзделген. 2018 жылдың қаңтар айына дейін шетелдіктерге медициналық қызмет көрсететін Астана қаласының негізгі денсаулық сақтау ұйымдарының тізімі жасалмақ.
Бұған қоса 2018 жылдың 1 тоқсанында медициналық туризм мен импортты алмастыру бағыты бойынша инновациялық медициналық технологияларға қатысты ұсыныстарды енгізу жоспарлануда. Келесі жылдың маусымына дейін WMTA ұранымен Астанада медициналық туризм тақырыбында халықаралық конференция өткізілмек.