Оның сөзіне қарағанда, жұмыссыздық деңгейі 2011 жылмен салыстырғанда 5,4 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш ТМД елдерінің арасында ең төмен болып саналады.
«Еңбек нарығында серпіліс байқалғанымен шешімін таппаған проблемалар да бар. Атап айтқанда, еңбек ресурстары сапасының төмендігі мен жұмыспен қамтудың тиімсіз тұстары»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыспен қамтылғандардың 30 пайыздан астамының кәсіптік орта және жоғары білімдері жоқ. Үштен бір бөлігін өзін-өзі жұмыспен қамтитындар құрап отыр. Сөз соңында С. Әбденов еңбек ресурсында тапшылық болады деген болжамдарға алаңдаушылық білдірді. Мәселен, өткен ғасырдың 90 жылдарында демографиялық ахуалдың қиындауына байланысты 2021 жылға дейінгі аралықта еңбек етуге қабілетті жастар саны күрт азаймақ. Осы ретте министрлік жұмыспен қамтудың саясатын жаңғыртудың 6 қадамын айқындап берді. Біріншісі, қолда бар еңбек ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру, екінші қадам - еңбек нарығын реттеу тетіктерін жетілдіру, үшіншісі - еңбек өнімділігін арттырумен қатар, жұмыс істейтін адамның кәсіби мансабы жалғасып жатқан кезде еңбек қабілеті сақталуы үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау, төртінші - жұмыспен қамтудың өнімділігін ынталандыру, бесінші қадам - жұмыспен қамтылған халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін сапалы түрде ұйымдастыру, ал соңғысы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіруге негізделген.