2021 жылы елордада 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы елордада 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл республикалық деңгеймен салыстырғанда 0,3 пайызға төмен. 2021 жылдың қорытындысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларымен қамтылды», - деді ол қала әкімдігінде өткен брифинг барысында.

Орталық басшысының нақтылай түсуінше, өткен жылы 7 мыңнан астам тұрақты жұмысқа, 200 адам «Жұмыспен қамту» жол картасы арқылы жұмысқа орналастырылды. «Жастар» тәжірибесімен 914 адам қамтылып, әлеуметтік жұмыс орындарына – 185, қоғамдық жұмыстарға 2 848 адам жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 91, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 2 адам қатысты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 213 адам қамтылып, 91 пайызға жұмыс тапты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 384 адамға кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жолдама берілді. Оның ішінде 503 адам мемлекеттік грант алды.

«2021-2022 оқу жылына ТжКБ кадрларын даярлау бойынша 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1050 адам оқуға қабылданды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында 92 несие берілді. Жалпы білім беретін мектептердің 9 сынып оқушылары арасында әлеуметтік кәсіби бағдармен қамтылғандар саны 8 235 адамды құрады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында 10 арнайы жұмыс орны құрылды», - деді Азамат Байтасов.