2021 жылы елордада мемқызмет 100% электронды түрде көрсетілмек
«Жыл басынан бері елордада 221 168 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде электронды түрде қызмет көрсету 83 пайызға артып отыр, өткен жылы бұл көрсеткіш 70 пайызды құраған болатын. Яғни 19 мемлекеттік қызметтің 14-і электронды түрде көрсетілуде. 2021 жылы елордада мемлекеттік қызметті 100 пайыз электронды түрде қолжетімді ету мақсаты тұр», - деді Сәуле Нұрғожина Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтанда 167 мың адам әлеуметтік қолдауға мұқтаж.
«Олардың қатарында аз қамтылған отбасылар, мүгедек жандар, соғыс ардаргерлері мен зейнеткерлер бар. Бүгінде аталған топтағы азаматтарға қаржылай төлемақы мен тегін қызметтер көрсетіліп келеді. Сондай-ақ мемлекеттік мерекелер мен айтулы күндер қарсаңында елордалық 130 мың әлеуметтік қолдауға мұқтаж жан бір реттік қаржылай төлемақы алды. Одан бөлек, 28 мың мүгедек жанды әлеуметтік қолдау мақсатында 3,4 млрд теңге қаржы бөлінді, оның 82 пайызы жергілікті бюджеттен қарастырылды. Сонымен қатар 2020 жылы бас қалада 15,7 мың адам сауықтыру шараларымен қамтылды», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін елордалық мәслихатта Нұр-Сұлтан қаласындағы халықтың әлеуметтік осал топтарын (аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар) қолдау және оңалтуға арналған шаралар қаралды.