2021 жылы ресми жұмыс істеген қазақстандықтардың жартысы 110 мың теңгеден төмен табыс тапқан
«2021 жылы міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін бағалау кезінде ресми жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы 110 мың теңгеден төмен табыс тапқан. Яғни, олар «жұмыс істейтін кедейлер» болып саналады. Толық жұмыспен қамтылғанына қарамастан, олардың бұл жағдайдан шығуға мүмкіндігі жоқ. Бұл сонымен қатар көлеңкелі жұмыспен қамту әлі де жұмысшыларды жалдаудың таңдаулы тәсілі ретінде қалып отыр», - делінген кешенді жоспарда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірмесіне сай, мұндай азаматтардың табысы күнделікті шығынынан артылмайды.
«Мұндай азаматтардың алған табыстары негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға жұмсалады. Олардың жинақ ақшасын қамтамасыз етуге және өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндігі жоқ. Бұған қоса, толық жұмыспен қамтылғандықтан, олардың білім алуға, дағдыларын жетілдіруге және кем дегенде орташа жалақы алатын жұмысқа қосымша орналасуға мүмкіндігі болмады», - деп жазылған министрліктің талдау құжатында.
Қоса кетсек, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін министрік Еңбек нарығын дамытудың 5 жылдық жоспарын бекітуді ұсынып отыр.