2022 жыл Қазақстан және әлем экономикасына қандай өзгеріс әкелді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы әлемдік экономика айтарлықтай құлдырады. Оған жоғары инфляция, Украинадағы жағдай, Ресейге қарсы санкциялар, энергия мен азық-түлік тапшылығы себеп болды. Аталған факторлар Қазақстан экономикасына да әсер етті. Биыл болған экономикалық өзгерістер туралы толығырақ ҚазАқпарат тілшісінің материалында.

Әлемде

Дүниежүзілік банк тобының президенті Дэвид Малпасс 2022 жылы табысы төмен және орташа елдер табиғи газ, тыңайтқыш бағасының айтарлықтай өсуіне тап болғанын айтты. Сонымен қатар, олар соңғы онжылдықтағы ең ауыр азық-түлік дағдарысын бастан кешті. Әлемнің біраз елінде, соның ішінде Ауғанстан, Эфиопия, Сахель аймағы және Йеменде тұрақсыздық, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық деңгейі өсті. Украинадағы қақтығыс адам өліміне, тұрғын үйлердің қиратылып, күнкөрістің төмендеуіне, миллиондаған босқындардың пайда болуына және инфрақұрылымға ауыр залал әкелді. Қалпына келтіру құны қазірдің өзінде миллиардтаған долларға бағаланады.

Энергия қуаты мен азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ Еуропаның табиғи газға жоғары сұранысына байланысты дамушы елдер халық және экономика бойынша жаңа жүктемелерге тап болды. Энергия жеткізілімінің бұзылуы, әсіресе отын импортына тәуелді елдерде өсу қарқынын төмендетеді. Табиғи газ бағасының өсуі мен тапшылығы тыңайтқышты жеткізу және дақылдардың өнімділігіне қауіп төндірді. Сол секілді бағаның өсуі электр желілерінің тұрақсыздығы мен қоршаған ортаны ластайтын отынды пайдалану ауқымының артуына алып келді.

Жарияланған болжамға сәйкес, биыл Орталық Азияда тауарлар мен қызметтер өндірісі 3%-ға қысқарады. Өйткені, Украинадағы жағдайдың салдары тауар және қаржы нарығы, сауда және көші-қон байланысы, сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұтынушылардың сенім деңгейіне әсер етеді.

Қазақстанда

Еуразиялық даму банкінің мәліметінше, Қазақстан экономикасы 2022 жылы ішкі және сыртқы қиындықтарға төзімділік танытты. Оған салықтық-бюджеттік саясат аясында қабылданған шаралардың да әсері бар. Аталған банктің бағалауы бойынша, биыл Қазақстан экономикасының өсуі 2,8% болуы мүмкін. Бұл – қазіргі жағдайды ескере келгенде айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Инфляция

Ұлттық банктің деректері бойынша, қарашадағы жылдық инфляция – 19,6%. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (20 желтоқсандағы жағдай бойынша) бір жылда 22%-ға қымбаттады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға жоғары. Азық-түлік бағасының өсуі жалғасып жатыр. Соңғы аптада баға 0,2%-ға, ай басталғалы 0,6%, ал жыл басынан бері 22,3%-ға өскен.

Инфляцияны тұрақтандыру және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендету үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Қаңтарда – 10,25% болса, желтоқсанда – 16,75%-ға жетті.

«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді және оның экономикалық өсу мен инфляция бойынша болжамы айтарлықтай нашар. Базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде белгілі бір уақыт ішінде сақтау экономикаға дезинфляциялық әсер етеді. Өйткені, Ұлттық банкте қатер болмаған жағдайда мөлшерлемені көтерудің қажеті жоқ деп есептейді. Біз бұл шешімді толығымен қолдаймыз және форвард гайданс үшін ерекше қуаныштымыз. Ол ұзақ уақыт ішінде алғаш рет экономикалық агенттер үшін бірмәнді және айқын белгі болды», - деді қазақстандық экономист Ғалымжан Айтқазин.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев базалық мөлшерлеменің кезекті өсуін теріс шешім деп санайды. Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені көтере отырып, Ұлттық банк экономиканы рецессияға итермелейді, бірақ инфляцияны төмендетпейді. Ұлттық банк өзінің болжамын үшінші рет қайта қарайды, себебі жарияланған модельдер мен болжамдар жұмыс істемейді.

Теңге

Ұлттық валютаға келетін болсақ, қаңтарда бағам 1 АҚШ доллары үшін 433 теңге болды. 23 желтоқсандағы сауда-саттық қорытындысы бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 1,4%-ға (468,56-дан) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 461,97 теңге деңгейіне жетті. 27 желтоқсанда теңгенің бағамы бір доллар үшін – 460,3 теңге.

Биыл бірнеше ай бойы теңгені еуроға айырбастау бағамы долларға айырбастау бағамынан едәуір артта қалды. Мәселен, форекс биржасында еуро мен доллар 460 және 479 теңгеге саудаланды, ал елорданың айырбастау нүктелерінде теңгенің еуроға бағамы – 465-475, ал АҚШ доллары – 478-482 болды. Еуро бағамы қазақстандықтар үшін АҚШ долларынан қымбат болды.

Экономист Ғалымжан Айтқазин түсіндіргендей, валюта бағамындағы мұндай жағдайға долларды жаһандық нығайту және АҚШ-тың ақша-кредит саясатын қатаңдатуы себеп. Ал, Еуропалық орталық банк ақша-несие саясатын қатаңдатудан аулақ болды. Бұл Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуіне байланысты Еуроаймақтағы ықтимал экономикалық рецессиямен бірге еуроға бағамына теріс әсер етті.

Биыл наурызда Украинадағы жағдайға байланысты рубльдің орташа бағамы 4,73 теңгеге дейін төмендеді. Ал, сәуір айында рубль 5,77 теңгеге көтерілді. Ресейден шетелдік брендтер кетіп, санкциялар жарияланғаннан кейін рубльдің нығаюы жалғасты. Мамырда ресми айырбастау бағамы – 7,41 теңге, ал қыркүйекте – 8,24 теңге болды. Экономист Андрей Чеботарев атап өткендей, рубльдің нығая түсу себептерінің бірі – импорттың болмауы. Сонымен қатар, Ресей елде қалған валютаны ала отырып, жеткілікті мөлшерде мұнай экспорттады.

Желтоқсанда Ресей рублі ұзақ уақыт ішінде алғаш рет АҚШ долларына қатысты әлсірей бастады. Рубльдің құлдырауына себеп – мұнай бағасының төмендеуі.

«Рубльдің айырбастау бағамына қысым Ресей экспортының төмендеуінен ғана емес, сонымен қатар Itals дисконт көлемі мен бағасынан да болды. Сонымен бірге, импорттың біртіндеп қалпына келуі де себеп. Мәселен, бюджеттік статистикаға сәйкес қарашада импорттан федералды бюджетке түсетін салық түсімдері 38 миллиард рубльге өсіп, 337 миллиард рубльге жетті. Бұл қақтығыс басталғаннан кейінгі жоғары мәнге ие. Сондықтан, Ресей банкі тарапынан рубльдің күрт әлсіреуін түсіндіру толық жауап емес», - деп түсіндірді Ғ. Айтқазин.

Сондай-ақ, А. Чеботарев Ресей импорты Қазақстан үшін арзандай түсетіндіктен, рубль бағамының төмендеуі инфляция қысымын әлсірететінін айтып өтті.

Санкциялар

Биыл қаңтар-қазан аралығында Қазақстан тауар экспортынан 71 млрд АҚШ доллар табыс тапты. Бұл – соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. 10 айда Қазақстан шетелге мұнай сатқаны үшін 41,6 млрд доллар алды, өткен жылмен салыстырғанда 59%-ға артық. Бұл жағдайда физикалық көлем аздап ғана өзгерді (плюс 0,3 %). Оң динамика халықаралық нарықтардағы баға белгілеулерінің өсуімен түсіндіріледі.

Ғалымжан Айтқазин түсіндіргендей, өсудің негізгі себебі – Ресей Федерациясына қатысты экономикалық санкциялар аясында әлемдегі мұнай бағасы мен қазақстандық мұнайға сұраныстың артуы. Қазақстанның шикізат экспортына мұндай тәуелділігі – экономиканы әртараптандыру жоқтығының айқын көрінісі.