«Алматы-2022» Өтінім беру комитеті Халықаралық Олимпиада қозғалысының «2020 - күн тәртібі» құжатына енгізілген икемділік пен креативтік ұстанымдарды негізге ала отырып, тиімділігін арттырып, шығындарды оңтайландыру мақсатында Олимпиаданы өткізу тұжырымдамасының кейбір пункттерін жетілдірді»6 - делінген хабарламада.
Сонымен шығындарды оңтайландыру мына мақсаттарды көздейді:
1. Тау-шаңғы спортының түрлеріне қатысты жарыстар «Алматау» спорт кешеніне ауыстырылатын болады. Бұл, шығындарды азайтуға және осы спорт нысанын Олимпиадалық мұра ретінде ұзақ мерзімді келешекте дамытуға мүмкіндік береді.
2. «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы мен «Тау Парк Альпайн» тау-шаңғы саябағы Олимпиадалық спорт алаңдары тізімінен шығарылады.
3. Сноубординг пен шаңғы фристайлы және солардың қатарына кіретін таушаңғы кроссы мен слоупстайл бойынша жарыстар «Ақ бұлақ» тау-шаңғы шипажайының спорт алаңдарына ауыстырылады. Мақсат - осы спорт түрлерін тұрақты дамыту және аталмыш кешенді ұзақ мерзімді дамыту.
4. Сноубординг және шаңғы фристайлы бойынша жарыстарды «Тау Рарк» Олимпиадалық нысанының бағдарламасынан алып тастау. Мақсат - қысқы Олимпиада ойындарының мұралары тұжырымдамасын оңтайландыру.
5. Селедж-хоккей бойынша Паралимпиадалық жарыстар Алматы олимпиадалық стадионынан Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ауыстырылады.
6. «Медеу» Олимпиадалық ауылының сиымдылығы 1000 орыннан 350 орынға дейін қысқартылды.
7. «Көк-Жайлау» тау-шаңғы шипажайында БАҚ өкілдеріне арналған тұрғын үй нысандарын тұрғызудан бас тартылды.
8. «Медеу» қосымша медиа-орталығын құру жобасынан бас тартылды.
Осылайша, кешенді шешімдер қабылдау нәтижесінде «Алматы-2022» өтінім беру комитеті бюджетті 100 млн. АҚШ долларынан аса қаржыға қысқартуға қол жеткізді. Ал тікелей Олимпиада ойындарын ұйымдастырушы комитеттің қызметіне жатпайтын шығындар 450 млн. АҚШ долларына қысқарды.
«Өтінім беру комитетінің басты мақсаты - қолда бар спорттық нысандарды барынша тиімді пайдалану ғой. Қазір 13 олимпиадалық нысанның тоғызы - жұмыс істеп тұрған дайын нысандар. Демек, шығындарды азайтуға және қоршаған ортаға келетін жағымсыз әсерлерден арылуға мүмкіндік бар», - деді өз сөзінде «Алматы-2022» өтінім беру комитетінің вице-президенті, 1994 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Владимир Смирнов.