2022 жылы автобус жүргізушілері кінәсінен 382 жол апаты болды
«2022 жылы автобус жүргізушілерінің кінәсінен 382 жол-көлік апаты болып, 37 адам көз жұмды, 639 адам жарақаттанды. Оның ішінде апаттың 70%-дан астамы (275) тұрақты тасымалдау маршруттарында болған. Жолаушылар көліктерінің жол апатына ұшырауын қысқарту және жолаушыларды тасымалдау қағидаларының сақталуын бақылауды күшейту үшін жыл сайын «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді», - деп жазылған Р. Склярдың депутат сауалына жауабында.
Профилактикалық шарада қоғамдық көлік жүргізушілерінің 65 мыңнан астам ереже бұзу жағдайы, оның ішінде мас күйінде автобус айдау, жолаушыларды заңсыз тасымалдау, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау, оларды басқару кезінде ұялы телефондарды пайдалану және т.б. фактілер анықталды.
Автобус парктерінің, оның ішінде халықаралық және қалааралық тасымалдарды жүзеге асыратын компаниялардың 600-ден астам лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылды. 200-ден астам рұқсат етілмеген тұрақтар жұмысы, 410 жосықсыз техникалық байқау операторларының қызметі тоқтатылды, айыппұл салумен 270 әкімшілік материалдар рәсімделді.
«Қазіргі уақытта 466 мыңнан астам адам жолаушылар көлігін жүргізу құқығына ие («D» санатындағы жүргізуші куәлігі). Елде тіркелген 62,5 мың автобус бар. Демек, осы санаттағы жүргізушілердің жетіспеуінің проблемалық мәселелері жоқ. Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі халыққа қызмет көрсету деңгейін және жүргізуші құрамының сапасын арттыру үшін кәсіпкерлерге қажет болған жағдайда жүргізушілердің жұмыс режимі, олардың еңбек жағдайлары, жалақы деңгейін арттыру мәселелерін қайта қарауды ұсынады», - дейді Р. Скляр.