2022 жылы елорда әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылы Н.Назарбаев халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылады. Бұл жайында «Н.Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның атқарушы директоры Дәулет Хамзин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де келесі жылы ұшу-қону жолағын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге келісімшарт жасаймыз. Жөндеу жұмыстарының форматы, сонымен қатар жөндеу жұмыстарының мерзімі және қажет болатын қаржы сомасы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесінде нақтылады», - деді әуежайдың атқарушы директоры.

Сонымен қатар ол екінші ұшу-қону жолағын салу мәселесі де әуежайдың алдын ала ұзақ мерзімге көзделіп отырған жоспары екендігін айтты.

«Және де осынау ұзақмерзімді жоспарды жүзеге асыру нарықты жағдайға, яғни, пандемиядан кейін нарықтың қаншалықты жылдам немесе баяу қалпына келуіне, әуежайды дамыту жөніндегі бас жоспарымызда көзделіп, бекітілетін жобаларымыздың жүзеге асырылуына байланысты болады», - деді Дәулет Хамзин.