2022 жылы Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,9 пайызға болжанады - Үкімет

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл туралы Үкімет отырысында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлемдегі және еліміздің экономикасының түрлі даму сценарийлеріне сәйкес мынадай параметрлер ескеріле отырып қалыптастырылды:

1) 2020 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректерді және биылғы қаңтар-шілде айларындағы экономиканы дамыту қорытындылары;

2) Халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2022 жылы 4,9 пайызға, 2023 жылы - 3,5 пайызға өсуі күтілуде;

3) Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша 2022 жылы мұнай бағасының баррелі 64,5 АҚШ доллары, ал, 2023 жылы - 58 АҚШ доллары деңгейінде болады.

«Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8 пайызды, оптимистік - 5 пайызды және пессимистік - 4,6 пайызды құрайды. Негіз ретінде, бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдейді», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал 2026 жылы 119,9 триллион теңгені құрайды. Барлық базалық салаларда оң өсім болжанады.