Биылғы 6 айда ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына 1 млрд доллар инвестиция салды

Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Бұл туралы Ақордада Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: akorda.kz

«Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерде екіжақты қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін талқыладық. Өзара тиімді ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін ескере отырып, саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге деген өзара ұмтылысты тағы да атап өттік. Соңғы уақытта тұрақты өсім көрсетіп отырған сауда-экономикалық, инвестициялық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Соңғы үш жылда біздің елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 30 пайыздан астам өсті. Өткен жылы Қазақстан статистикасы бойынша тауар айналымы рекордтық 27 млрд долларды құрады. Осы жылы да оң динамика сақталып отыр. 8 айдың қорытындысы бойынша 17 млрд доллар»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тауар айналымын одан әрі арттыру үшін үлкен мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

«Бұл тұрғыда екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстардың айтарлықтай оңтайландырылғанын атап өтеміз. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Олардың жалпы инвестициясы 20 миллиард доллардан асты. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Қазақстан экономикасына ресейлік инвестициялар 1 млрд доллардан астам инвестиция салды. Бұл өткен жылғы деңгейден 20 пайызға артық. Өз кезегінде қазақстандық инвестиция көлемі 6 млрд долларға жетті», - деді Қазақстан Президенті.