2023 жылдың 6 айында ҚазМұнайГаз түсімі 8,7 млрд долларды құрады
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазМұнайГаз» көлбеу ықпалдастырылған компания саналады. Компания қызметі мұнайды барлаудан бастап, өндіру, өңдеу және тасымлдауға дейінгі өндірістік циклді қамтиды. Өткен жылы компания мұнай-химия саласына кірді. Бүгінде біздің компаниямыздың активтері 37 млрд АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың 1-жартыжылдығындағы түсім 8,7 млрд доллар, EBITDA 2,5 млрд доллар болды. Осы жылдың 6 айында компания 11,9 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіріп, 39 млн тоннаны тасымалдады және 10 млн тоннаны өңдеді»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, компания «Өзен», «ЕмбіМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» кен орындарында барлау жүргізеді. Сонымен қатар «Қарашығанақ», «Қашаған», «Теңіз» сынды мега жобаларға қатысу үлесі бар.
«Өңдеу сегментінде компания Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауытындарына иелік етеді. Сондай-ақ Румыния мен көршілес елдерде зауыттар мен жанар-жағармай стансалары желісіне жетекшілік жасайтын KMG International компаниялар тобына иелік етіп отыр. Қайта өңдеу сегментіндегі жаңа актив – «Қазақстан Петрокемикал Индастриз». «ҚазМұнайГаздың» аталған кәсіпорындағы қатысу үлесі 49,5 пайызды құрайды. Зауыт өткен жылы іске қосылды. Ол өңірдегі пропилен өндіретін ең ірі өндіріс ошағы саналады. Қазіргі уақытта зауытты жобалық қуатына шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Диана Арысов.